20 | 01 | 2018
Навигатор сайта
Валюта бағамы
Ауа райы

Яндекс.Погода

400Сарыағаш ауданының барша өнерпаздары облыстық «Туған жер – алтын бесігім» фестивалі аясында Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында өнер көрсетті. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасы хабарлады.

Облыстық фестивальге 10 автобус, 30 «ГАЗель» көлігімен келген сарыағаштық өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына өнер тартуын арнады.
Алдымен Наурыз алаңында ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына арзан бағадағы өнімдер ұсынылды. Жүзден астам шымкенттік отбасыға сарыағаштық диқандар тегін жеміс-жидектер мен бақша дақылдарын таратып, шаруалардың дархан пейілі мен ыстық ықыласын танытты. 
Фестиваль аясында «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Сарыағаш ауданының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұрат Бекей оқырмандармен жүздесті.
Одан кейін көрермендердің назарына Аймақтық әлеуметтік иннновациялық университетінің мәжіліс залында отбасылық ансамбльдерінің концерті ұсынылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында Келес халық театры қойған Мархабат Байғұттың «Бозторғайдың ұясы» спектаклін тамашалады. 
Шара аясында ауданның Оңтүстік Қазақстан облысындағы күндеріне арналған мәдени шараларды тамашалауға жиналған қонақтар алдымен қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесімен танысты. Сонымен қатар, әскери бөлімдер әскери көрсетілімдерін ұсынды.
Сарыағаштық өнерпаздар гала-концертте әуелеген ән мен күмбірлеген күйден бөлек, «Сарын», «Сыңсу», «Шарғы», «Аужар» салт-дəстүрлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.