20 | 01 | 2018
Навигатор сайта
Валюта бағамы
Ауа райы

Яндекс.Погода

0 1d740 4c832c8f XL2017 жылдың 31 қаңтарында Елбасының дәстүрлі халыққа арнаған Жолдауы республикалық мерзімді баспасөз беттерінде басылып шықты. Жыл сайын дүйім жұрт Елбасының Жолдауын асыға күтіп, көгілдір экран алдына жиналады. Асығатын да жағдайы бар. Себебі, Мемлекет Басшысы жыл сайынғы Жолдауында мемлекетімізді алға қарай жетелеп, толғандырған мәселелердің түйінін тарқатып, халқына жігер береді. 

Алаштың арда азаматтарының Жолдауды қызу талқылап, бір-бірімен ой-пікірлерімен бөлісіп жататыны да сондықтан. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.
Жолдау газет беттерінде, интернет сайттарда шыққаннан бастап, жер-жерде, барлық елді мекендерде, мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда талқыланып, халық арасында белсенді, кең түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Соның ішінде Сарыағаш ауданында да Президент Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру және насихаттау мақсатында құрамына аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері кірген 7 аудандық, 42 ауылдық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, аудандағы барлық қала, кент, ауыл және ауылдық округтер мен елді мекендерде 179 кездесу өткізілді. Басты мақсат Жолдауды аудан тұрғындарына жеткізу және түсіндіру, онда айтылған нысаналы мақсаттар мен міндеттердің орындалуында әрқайсысымыздың үлесіміз болуы қажеттігін білдіру болды.


Өткен жылы мемлекетіміз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығын толағай табыстармен, сүбелі жетістіктерімен атап өтті.
Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы Жолдауда айтып өткендей, біз үшін тағы бір жаңа дәуір есігін айқара ашып тұр. Ол үшінші жаңғыру «Цифрлы Қазақстан».
Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.
Алдымызда жаһандық бәсекеге қабілетті, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу межесі тұр. Бұл өршіл мақсат. Ол үшін 2030 жылы «Азия барысына» айналатын Қазақстан бес негізгі басымдықты жүзеге асыруы тиіс. Бұған ат салысу баршамыздың «Отан» алдындағы қасиетті борышымыз.
Сонымен қандай басымдықтар?
- Бірінші басымдық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, яғни, бұл тұрғыдағы басты міндет - цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету.
- Екінші басымдық - бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Мұндағы көзделген стратегиялық мақсат - елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
- Үшінші басымдық - макроэкономикалық тұрақтылық. Бірден-бір басты міндет - ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.
- Төртінші басымдық - адами капитал сапасын жақсарту. Бұл ретте біріншіден, əлемдік деңгейдегі білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, яғни, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау және де қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады, ал, бұл жоба қарсаңында тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесіне байланысты, яғни, 2017 жылғы 1 шілде айынан бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайтындығы қарастырылуда. Үшіншіден, әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты Мемлекет басшысы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға дейін арттырылатынын, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылатындығын, сонымен қатар, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға өсірілетіндігін атап көрсетті. Бұдан бөлек, Елбасы осы ретте ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастырып, оны қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келтіру қажеттігін тапсырды.
- Бесінші басымдық - институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Бұл ретте Елбасы өз кезегінде, жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жалғастыру керектігін айтып, Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді міндеттеді. Бұдан бөлек, әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс екендігін, сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу маңызды екендігін басты назарда ұстады. Ал, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытына тоқталған Елбасы оның шығу себептері мен алғышарттарын анықтап, әлі де болса толыққанды түрде аса назар аударылмай тұрғандығын ескеріп, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін атап көрсетті.
Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға толастар емес, керісінше, артуда. Бұл дегеніміз, бізде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, тек ол үшін Елбасымыз жариялаған жаңа стратегиялық реформаларды жүзеге асыруға баршамыз жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек етуіміз керек. Табысты адам-табысты мемлекет принципімен жұмыс істеуіміз қажет. Сол кезде ғана алдағы асулар мен белестерді бағындыратындығымыз, алдымызға қойған межеге жететіндігіміз сөзсіз.